Nur Otan партиясының бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлау һалды ресми сайты

Парасатты және зияткер қоғам

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Парасатты және зияткер қоғам

Қазір әлемде интеллектуалдық және рухани әлеуеті жоғары азаматтар – кез келген мемлекет пен ұлттың тұрақты дамуының басты кепілі.

Әрбір азамат жаңа білімге ұмтылып, тұрақты түрде дамуы, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, қоршаған ортаны қорғауы қажет. Біз осынау талпыныстарды қызу қолдаймыз.

ПАРАСАТТЫ ЖӘНЕ ЗИЯТКЕР ҚОҒАМ

Партиямыз мәдени құндылықтарымыздың сақталуы мен өркендеуін ұдайы қолдайды. Өйткені ол – қоғамымыздың құнды қазынасы.

Біз шығармашылық пен өнер өкілдерінің, жас ақындар мен жазушылардың, драматургтердің, сценаристер мен публицистердің, сондай-ақ киноиндустрия, мұражайлар мен кітапхана өкілдерінің жетістіктерін айтыс, мүшайра, жыр-терме, конкурстар, фестивальдар, әдеби оқулар, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар және басқа да іс-шаралар өткізу арқылы ілгерілететін боламыз.

2025 жылға дейін біз 1500 мәдениет нысанын салып, жөндеу жүргіземіз.

Біз қаражат бөлудің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, жыл сайынғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлерін қолдаймыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде «Қазақстанның киелі географиясы» және «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын іске асыру жалғасады.

Гаухар Ана, Ордабасы, Сауран, Есік, Берел, Шілікті, Бозоқ, Сарайшық мұражай-қорықтарында визит-орталықтар салынады. 

Түркістанның тарихи орталығын қалпына келтіру, Сауран, Сарайшық, Отырар, Ақыртас, Сығанақ, Жанкент және Бозоқ елді мекендерін зерттеу арқылы тарихи-мәдени мұраны сақтау жұмыстары жалғасады. 

Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша шаралар қабылданады. 

Барлық мәдени іс-шаралар, театр маусымдары, кітапхана қорлары, мұражайлар мен көрмелер туралы бірыңғай электронды платформа құрылады.

Ғылымды қолдау және еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту үшін еліміздің ең бәсекеге қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады.

Жыл сайын дүниежүзілік жетекші ғылыми орталықтарға 500 қазақстандық ғалым тағылымдамаға жіберіледі.

Барлық мемлекеттік ғылым орталықтарына жұмыс тиімділігі мен нәтижелігіне қатысты толық аудит жүргізіліп, ғылыми ұйымдар мен ЖОО жабдықтары жаңартылады.

Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы, ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын жетілдіру және ғылым нәтижелігінің нақты критерийлерін енгізу арқылы ғылымға жұмсалатын бюджет қаражатын бөлу мен тиімділігінің айқындылығы жоғарылатылады.

Заңнамаға:
  • ірі бизнесті жоғары оқу орындарына тәлімгерлік жасауға тартуды;
  • мемлекеттік бағдарламаларды, салалар мен өңірлерді дамыту жоспарларын, сондай-ақ квазимемсектор субъектілерін дамыту стратегияларын әзірлеу кезінде отандық ғалымдардың әлеуетін пайдалануды;
  • жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шығындарының 1%-і мөлшеріндегі аударымдарын бюджетке ғылыми мақсаттарға орталықтандырылған түрде бөлу үшін жолдауды көздейтін нормалар енгізіледі.
Біз ғылымды қаржыландыруды ұлғайтамыз және қаражатты пайдаланудың толық ашықтығын қамтамасыз етеміз, сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес ғылыми жобалардың тиімділігін арттырамыз.

Жоғары