Nur Otan партиясының бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлау һалды ресми сайты

Азаматтарға қызмет ететін мемлекет

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Азаматтарға қызмет ететін мемлекет

Мемлекет пен қоғамның сенім, өзара жауапкершілік, әріптестік, ашықтық және есептік қағидаттары негізіндегі ынтымақтастығы – елдің тұрақты да үдемелі дамуының басты кепілі.

Азаматтардың өмірін жақсартуға, заңның үстемдігін, мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысы – ұлт бірлігінің негізі.

АЗАМАТТАРҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН МЕМЛЕКЕТ

Біз азаматтар мен мемлекет арасында кері байланыс орната отырып, мемлекеттік аппаратты сапалы түрде трансформациялауды жалғастырамыз.

Сайлауалды уәделерді тиімді іске асыру және мониторингілеу үшін партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жалғасады, кері байланыстың онлайн құралдары кеңейеді, партиялықтармен өзара қарым-қатынастың жаңа заманауи форматтары енгізіледі. Партияның заңнамалық қызметі қазақстандықтардың өтініштерін жүйелі талдауға негізделеді.

Елбасының 5 институционалдық реформасына және Президент Қ.К. Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жалғасын табады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25%-ке қысқарту жұмысы жалғасады. Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы бастамашылыққа және заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталады.

Мемлекеттік органдар жұмысы тиімділігінің негізгі көрсеткіші аралық процесс емес, халықтың әл-ауқатының артуы, өңір мен саланың дамуы түріндегі түпкі нәтиже болады.

Талантты жастарды қолдау үшін Президенттік және партиялық кадр резервіне іріктеу практикасы жалғасады.

Нақты міндеттерді шешуге бір салаға бейімделген мамандарды жеңілдетілген негізде тарту үшін келісімшарттық қызметшілер институты енгізіледі.

Мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық базалары әрбір азаматтың цифрлық бейінін жасай отырып, бірыңғай жүйеге интеграцияланады.

Мемлекеттік органдар көрсететін қызметтер 100% автоматтандырылады және электрондық форматқа ауыстырылады, ал көп сұранысқа ие қызмет түрлері проактивті түрде болады.

Азаматтар барлық мемлекеттік қызметтерді бір терезеден ала алатын болады. 

ХҚКО-лар жұмысы қызметтерді электрондық түрде өз бетінше алуға азаматтарға онлайн-кеңес беретіндей түрде қайта бағдарланады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық мемлекеттік органдарға электронды түрде сұрау жолдауға мүмкіндік беретін «е-Өтініш» жүйесі құрылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басты міндет – қоғамда заңсыздыққа қарсы ортақ түсінік пен құқықтық сананы қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды осы әлеуметтік дертпен күреске жұмылдыру.

2025 жылға дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, ақпаратқа қол жеткізу туралы, Қоғамдық кеңестер туралы заңдар қабылданды, мемлекеттік қызметтердің 80%-нен астамы автоматтандырылды, сот отырыстарының барлық залдары аудио және бейнетіркеу жүйелерімен жарақтандырылды.

Біз осы бағдарламаны іске асыруды жалғастырамыз және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын одан әрі арттыруды, азаматтардың құқықтарын қорғауды, сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау шараларын кеңейтуді қамтамасыз етеміз.

Біз азаматтардың заңды құқықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын түбегейлі арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз.

Ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін азаматтардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеу, қабылдау және оларды іске асыру процесіне қатысуы заңнамалық түрде қарастырылады.

Сыбайлас жемқорлық факторларын анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторларда нормативтік актілер мен жұмыс процестеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жүргізіледі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ықтимал квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шеңбері кеңейтіледі.

Саяси қызметшілердің, судьялардың, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ пара берушілер мен парақорлыққа делдал болған тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілігі күшейеді.

Мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар үшін шетелдік банктерде ақшасының және басқа да құндылықтарының болуына шектеу енгізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа тартылған тұлғаларға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынады. Жемқорлықпен айыпталған тұлғалардан тәркіленген барлық қаражат әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады.

Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар бойынша мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу алынып тасталынады, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарға заңнамалық қорғау қамтамасыз етіледі.

100% электрондық кедендік декларациялау, басым транзиттік бағыттар бойынша кеден пункттерін жаңғырту және автоматтандыру, кедендік ресімдеу уақытын 5 есеге қысқарту қолға алынады.

Халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұмылдыру үшін тәуелсіз интернет-алаң құрылады.

Жоғары