Nur Otan партиясының бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлау һалды ресми сайты

Орнықты экономика

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Орнықты экономика

Біз жеке меншікке қол сұғылмауды, ашық бәсекені, макроэкономикалық тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық ахуалды және экономиканы әртараптандыруды қолдаймыз. Бұл – кәсіпкерлікті жандандыруға, инвестицияларды өсіруге, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар.

Мемлекет орта таптың тірегі, экономикалық дамудың қозғаушы күші, инновацияның, жұмыспен қамтудың және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының негізі болатын бизнеске жан-жақты қолдау көрсетеді.

ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ

«Nur Otan» партиясы болашақ ұрпақ үшін оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бюджеттік шығыстарды оңтайландыруға, Ұлттық қордан қосымша трансферттерді шектеуге ниетті.

Біз әлеуметтік, сақтандыру қорларының және Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының қаражаты ескерілетін «кеңейтілген бюджет» енгіземіз.

Ағымдағы мәселелерді жедел шешу үшін мемлекеттік органдарға бюджеттік тәуелсіздік беріледі, қаражат пен функцияларды тек орталықтан өңірге ғана емес, сонымен қатар өңір ішінде беруді көздейтін бюджетаралық модель қалыптасады.

Барлық маңызды бюджеттік шығыстар онлайн сауалнаманы қолдану арқылы міндетті тәртіппен қоғамдық сараптамадан өткізіледі.

Біз жер қойнауын пайдаланудан түсетін кірістерді ұлғайту, «оффшорға» транзакцияларға салық салу, трансферттік баға белгілеуге және елден капиталды шығаруға бақылауды күшейту, «көлеңкелі» экономиканы азайту есебінен бюджет кірістерін арттырамыз.

Өндірістік және әлеуметтік маңызды тауарларға ҚҚС ставкаларын дифференциациялау, өңделген өнім экспортерлері үшін ҚҚС-ты қайтару мерзімдерін қысқарту экономиканы диверсификациялау мен бюджетті толықтырудың жаңа тетігіне айналады.

Нәтижесінде, 2025 жылға қарай бюджеттің мұнайға қатыссыз тапшылығы 6%, жалпы – 3%-тен төмен, деңгейді құрайтын болады.

2025 жылға қарай инфляция деңгейі 3-4%-ке дейін төмендейді.

Біз барлық реттелетін сатып алуларға қатысты бірыңғай заң қабылдаймыз, Бірыңғай сатып алу терезесін жасаймыз, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан отандық өндірушілерден өнімді кепілді сатып алуды қамтамасыз етеміз.

Экспортерлерді валюта табысын ел ішінде сатуға ынталандыру, валюталық алыпсатарлыққа және басқа да күмәнді валюталық операцияларға жол бермеу, сондай-ақ банктердің шеттен тыс өтімділігін бизнесті несиелендіруге бағыттау бойынша шаралар әзірленеді.

Экономиканы әртараптандыру, оның ішінде Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнайды, газды терең өңдеу және химия мен мұнай химиясы өнімінің экспортын 9 есе өсіре отырып, химия өнімін шығару бойынша 5 зауытты іске қосу есебінен экспорттық және бюджеттік кірістердің өсуі қамтамасыз етіледі.

2023 жылдан бастап Ұлттық Банктің экономиканы қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардан біртіндеп шығуы басталады. Банк секторының әлеуеті бизнесті несиелендіруге бағытталады.

Халықаралық инвесторларға жол аша отырып, банктердің стресстік активтерімен толыққанды сауда жасау үшін бірыңғай платформа құрылады.

Біз басым салаларда стратегиялық ірі инвестициялық жобалардың пулын қалыптастырамыз, олар бойынша жеке қолдау шаралары мен тұрақтылық кепілдіктері ұсыныла отырып, келісімдер жасалатын болады.

Инвесторлардың ағымдағы мәселелерін жедел шешу үшін әр жоба мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылығының жауапкершілігінде болады.

Біздің барлық шетелдік мекемелеріміз үшін инвесторларды тарту бойынша нақты индикаторлар белгіленген 2021-2023 жылдарға арналған үш жылдық инвестициялық бағдарламалар әзірленеді.

Әрбір өңір үшін біз инвестицияларды тарту, өңірдің салалық мамандануы мен олардың өнеркәсіптік әлеуетін барынша іске асыруды ескере отырып, жобаларды іске асыру индикаторларын белгілейміз.

Біз инвесторлардың өз кірістерін Қазақстанда сақтау және қайта инвестициялау үшін ынталандыру шараларын қабылдаймыз.

2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 30 млрд. долларға дейін, ал негізгі капиталға инвестициялардың үлесі ЖІӨ-ге 30%-ке дейін өседі.

Қор нарығында сенімді ортаны дамыту, Астана халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) жаңа шетелдік компанияларды, инвесторларды, қаржылық және банктік құрылымдарды тарту үшін оның әлеуеті барынша пайдаланылады.

Еліміздің MSCI және FTSE халықаралық қор индекстеріндегі мәртебесі шекті көрсеткіштен дамушыға дейін өседі. Бұл қазақстандық компаниялардың акцияларына сұранысты және елімізге инвестициялардың тартылуын арттырады.
АХҚО биржасында шетелдік валютамен мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару бойынша орта мерзімді бағдарлама әзірленеді.

Тауарлық биржалардың қызметі жетілдіріліп, барлық қатысушыларға бірдей қолжетімділік қамтамасыз етілетін, биржалық тауарлардың, оның ішінде мұнай өнімдерін, сұйытылған газды, электр қуатын және басқаларды қоса алғандағы тізбесі кеңейтіледі.

Еуразия құрлығындағы Қазақстанның көшбасшы транзиттік рөлін нығайту үшін сервисті және транзиттік бағыттардың жылдамдығын арттыру есебінен жаңа елдер мен компанияларды тарту қамтамасыз етіледі, бұл 2025 жылға қарай көліктің барлық түрлерімен транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін 1,5 еседен астам, яғни 30 млн. тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлік тасымалдарды 2 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Жоғары