Әділетті құқық қорғау жүйесі

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Әділетті құқық қорғау жүйесі

Конституцияда кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру – партияның басты міндеті.

Құқық қорғау органдары азаматтардың заңды мүдделеріне қызмет етуі қажет, халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.

Полиция және прокуратура органдарында жұмыстың «сервистік» моделі енгізіледі. ІІМ, Бас прокуратураның аумақтық бөлімшелерінің басшылары халықпен ашық диалог құра отырып, жыл сайын есеп беру кездесулерін өткізеді.

Құқық қорғау органдарының өкілеттіктері келесі қағидат бойынша нақты бөлінеді: полиция қылмыстарды анықтайды, прокурор тергеу шешімдерін қабылдайды және құқықтық баға береді, сот істі қарайды және түпкілікті шешім шығарады.

Жергілікті полиция қызметінің жұмысында «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты енгізіледі. Учаскелік полицейлер өзіне тән емес функциялардан босатылады.

Жалақыны арттыру, жергілікті полицияның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жақсарту, тұрғын үй жалдау үшін өтемақы алуға лауазымдар санатын кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.

Пенитенциарлық мекемелер мен полицияның барлық ғимараттары бейнебақылаумен, ал қызметкерлер бейнетіркегіштермен жарақтандырылады. Бейнебақылау мен бейнетіркегіштерді мақсатты түрде өшіргені үшін қызметкерлер жауапкершілікке тартылады.

Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарға арналған бейнекездесулер, электронды дүкендер, прокуратураға, соттарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағым беруге арналған терминалдар енгізіледі.

Пенитенциарлық жүйені халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында түзеу мекемелерін қайта жаңарту, қамаудағыларды ұстау және еңбек жағдайларын өзгерту жалғасады.

Түзеу мекемелеріндегі медицина қызметкерлерінің жалақысы артады, тұрғын үй жалдағаны үшін өтемақы көзделеді.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ірі елді мекендерде бейнебақылау жүйесін енгізу жалғасын табады, сондай-ақ жұртшылықты құқықтық тәртіпті қорғауға тарту бойынша шаралар қабылданады.

Азаматтар мобильді қосымшалар мен чат-боттар арқылы полиция, прокуратура органдарымен және соттармен жедел байланысатын болады.

Құқық қорғау қызметтерінің тәуелсіз аудиті енгізіледі.

Сот жүйесіне жаңа кәсіби кадрлар тартылып, алқабилерге кандидаттарды іріктеу тәртібі өзгертіледі.

Жоғары Сот Кеңесі саяси автономды органнан судьялық өзін-өзі басқару институты ретінде қайта құрылады.

Судьялардың жұмысына жасанды интеллект енгізу, «Сот смарт-аналитикасы» жүйесін іске асыру жалғасады.

Медиация институтын дамыту жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындалады.

Халыққа кепілдендірілген мемлекеттік құқықтық көмектің көлемі 2 есеге ұлғайтылады.

Жоғары