Nur Otan партиясының бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлау һалды ресми сайты

Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев

Құрметті қазақстандықтар!

Nur Otan – Қазақстанның қарқынды дамып, өркендеуін мақсат тұтқан партия. Ол – еліміздегі жетекші саяси күш!

Қазақстан үшін сындарлы сәттерде нұротандықтар әрдайым халықтың жанынан табылып, қиын да күрделі міндеттерді атқарып келеді. Біз ешқашан бірсәттік пайданы көздеген жоқпыз, орындалмайтын уәде беруден де аулақ болдық. Қоғамымыздың орнықты дамуы мен азаматтарымыздың тұрмысын жақсарту жолында тынымсыз жұмыс істедік. Заман алдымызға тартқан сан түрлі сауалдарға біздің дайын жауабымыз болған жоқ. Соған қарамастан еңбектене жүріп үйрендік, қажетті тәжірибе жинақтадық.

Соңғы кездерде бетпе-бет келіп отырған қиындықтар партияның саяси тұғырнамасында көрініс тапқан құндылықтардың ерекше маңыздылығын тағы да растады. Бұлардың қатарында – Адам, Бостандық, Заң үстемдігі, Әділдік, Бірлік, Болашаққа нық қадам, Отбасы мен дәстүр секілді қастерлі ұғымдар бар. Біз өз шешімдеріміз бен әрекеттеріміз барысында сара жолды саясатқа сүйене отырып, әрдайым ұлы мұраттар жолында жұмыла білдік. Сарабдал саясат жүргізу және барша қазақстандықтардың мүддесін ескеру елдегі тұрақтылық пен бірліктің негізіне айналды.

Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы – біз қолға алған реформалардың заңды жалғасы. Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы.

Бүгінде партиямыздың өзіндік дәстүрі, қол жеткен табысы мен тәжірибесі, қатары қалың жақтастары бар. Партияның республикалық сайлауалды бағдарламасы алғаш рет 216 аймақтық бағдарламада егжей-тегжейлі көрініс тапты. Бұл алға қойған міндеттерді еліміздің кез келген өңірінде, барлық деңгейде тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Біз елді жаңғырту мен барша қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру бағдарын берік ұстанамыз.

Барша сайлаушыларды алдағы сайлауда Nur Otan үшін дауыс беруге шақырамын. Қазақстандықтар бейбіт өмір, тұрақтылық пен жарқын болашақ үшін дауыс беретініне сенімдімін!

Қуатты мемлекет пен тең мүмкіндіктер қоғамына таңдау жасаңыздар!


Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қымбатты отандастар!

Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу жағдайында еліміз серпінді экономикасы, тұрақты саяси институттары және дамыған азаматтық қоғамы бар мемлекет ретінде біртіндеп орнықты даму жолына түсуде.

Мұндай саясаттың өзегін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытының сабақтастығы құрайды.

Коронавирус пандемиясының әсеріне байланысты туындаған құбылмалы, тұрақсыз ахуал күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдерді қажет етеді. Сондықтан да қоғам «Nur Otan» партиясына жаңа идеялар мен білікті кадрлардың генераторы ретінде үмітпен қарайды.

Бұл ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды жүзеге асыру айрықша маңызды деп санаймын. Шынтуайтында, мемлекеттік институттар ендігі жерде қоғамдық мүдделерден бөлек жұмыс істей алмайды, олардың қызметі толығымен азаматтарымыздың нақты сұраныстары мен талап-тілектеріне бағытталуы керек.

Елдегі жетекші саяси күш ретінде «Nur Otan» партиясы осынау бағытта басты біріктіруші рөлін атқаруға тиіс.

Партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды тұғырнама – бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты объективті көзқарас. Құжатта азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған.

Партияның өз сайлауалды тұғырнамасын тиімді іске асыруы еліміздің өркендеуін, әділдіктің үстемдігін, заңдылық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететініне сенімім мол.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев


Жоғары