«Жастар – Отанға!» бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлауалды ресми сайты

«Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы

Бағдарлама Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың 2019 жыл 21 тамыздағы тапсырмасына сәйкес әзірленді.

001 (1).png

«Жаңа буын ірі проблемаларды шеше алатындай болулары, сондай-ақ өзгерген экономикалық және технологиялық жағдайларға бейімделе білулері тиіс, сондай-ақ олардан ғаламдық трендтерді екі қадам бұрын сезіне отырып, қалыптасқан жағдайларды тиімді түрде пайдалана білу талап етіледі».

«Мен сендердің өз елдеріңмен мақтанғандарыңды, оның тарихын жақсы білгендеріңді және алға сеніммен қарағандарыңды қалаймын. Қазақстанның болашағы берік қолда екеніне және сендер оны аса дамыған 30 елдің қатарына қосатындарыңа сенімдімін». 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы,
«Nur Otan» партиясының Төрағасы 
Нұрсұлтан Назарбаев

002 (1).png

«Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету». 

«Сіздер, жастар, – ерекшесіздер. Сіздер таңдану мен құрметтеуге лайықты отандастарымыздың жаңа келбетін қалыптастырып келесіздер. Сіздерге бүкіл әлем ашық. Білімге деген терең талпыныс сіздерді үнемі алға ұмтылуға итермелейді».

Қазақстан Республикасының Президенті 

Қасым-Жомарт Тоқаев


КІРІСПЕ

«Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы».

Нұрсұлтан Назарбаев


Біз, Тәуелсіз Қазақстанның жас буыны, біздің талпыныс, біліміміз бен  қабілеттеріміз мемлекет және қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналатынына сенімдіміз. Елдегі оң өзгерістер қарқынын күшейту және оны әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің қатарына қосу – біздің күш-қуатымызда.

Біз, еліміздің әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған ұлтымыз жас мемлекетпіз. Еліміздегі жастардың үлесі әлемдегі орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Сондықтан өзінің тәуелсіз дамуында 30 жылдық шептен өтіп жатқан Қазақстан үшін әрқашан бірізді жастар саясатын жүргізу негізгі басымдықтардың біріне айналды. 

Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мәселесін дер кезінде шешу мен қолдаудың маңыздылығын атап, оларға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. 

Жастар – жаңа технология мен инновацияларды игеруде әрқашан алдыңғы қатардан табылатын және өзгерістерге барынша бейім қоғамның серпінді бөлігі. Олар аға буынмен салыстырғанда, өзара және әлеммен әлдеқайда жақынырақ байланыста. Жастарды сарқылмайтын энергия мен жаңа идеяларды генерациялау қабілеті, сондай-ақ оптимизмнің жоғары деңгейі айрықша ерекшелейді.

Жастардың әлеуетін нәтижелі пайдалану және олардың энергиясын еліміздің бүгіні мен сенімді болашағын құру үшін бағыттау маңызды. Бұл, әсіресе коронавирус пандемиясынан туындаған, бұрын-соңды болмаған жалпы әлемдік дағдарыс жағдайында аса өзекті. Оның салдарын еңсеру өзгеше идеялар мен шешімдерді, барлық конструктивті күштерді, әсіресе жастарды жұмылдыруды талап етеді. Ол үшін жас ұрпаққа уақытылы қолдау көрсетіп, өзін-өзі жетілдіруге, еңбек етуге, білім алуға, өмір сапасын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашу маңызды. 

Сондықтан «Nur Otan» партиясының жастар қанаты – «Jas Otan», 20-жылдық тарихы бар, еліміздегі барлық санаттағы жас азаматтардың мүддесін білдіретін ең ірі жастар ұйымы ретінде жас қазақстандықтардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі қалыптастыруы үшін жағдай жасауды өзінің негізгі мақсаты етіп қояды.

ЕЛ БОЛАШАҒЫ – ЖАСТАР!


«Кез-келген ұлттың болашағы – бұл Сіздер, жастар. Елдің жетістігі мен табысты болашағы, ондағы жас азаматтардың өздерін қаншалықты сенімді ұстануымен анықталады».

Қасым-Жомарт Тоқаев

БІЗ КІМБІЗ?

Біз – «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының жанында біріккен Қазақстанның жас, әрі еркін азаматтарымыз. Біз жастардың әрқайсысының өзін-өзі қалыптастыруы үшін құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге, олардың лайықты өмір сүруіне қажетті барлық жағдайларды жасауға ұмтыламыз.

Біз жастардың білім алуына, өз-өздерін қалыптастыру мен табысты еңбек етуіне мүмкіндік беріп, олардың әлеуетін ашатын негізгі бағыттар бойынша бағдар ұсынамыз.

Біз бүгінгі жағдайда жастардың көптеген әлеуметтік және мәдени кіші топтардан құралатынын түсінеміз. Сәйкесінше, қазіргі жастардың мақсаты, ынтасы және қызығушылығы олардың әлеуметтік ортасына, материалдық жағдайына, білім деңгейіне, сонымен қатар айналысатын қызметіне байланысты әр алуан.

 «Jas Otan» өзінің 20 жылдық белсенді жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінде жастардың түрлі санаттарының: студент, жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, шығармашылық, ауыл, қала жастары мен жас кәсіпкерлердің, ғалымдардың және басқаларының мүдделерін нақты қорғаушы ретінде әрекет етіп, олардың әрқайсысына осы бағдарлама аясында даму мен ынтымақтастық жолдарын ұсынады.

«Jas Otan» – өз қатарына 105 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктірген ең ірі жастар ұйымы. Біздің бастамаларымыз еліміздегі жас тұрғындардың басым бөлігін қамтиды.

 «Jas Otan» – бұл бүгінде еліміздің барлық 17 аймағында филиалы бар бірден-бір жастар бірлестігі. Қалалар мен аудандарда, ірі кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарында біздің 534 бөлімше жұмыс жасайды.
«Jas Otan» –  ауқымды жастар бастамаларын тиімді жүзеге асыру үшін, «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі ресурстық әлеуетін, шешім қабылдау тетіктерін пайдалану мүмкіндігіне ие партияның жастар қанаты.

«Jas Otan» – бұл Отанымыздың гүлденуі үшін күш біріктіруге ынталы Қазақтанның жас азаматтарына мүмкіндік.

«Jas Otan» – барша жастар үшін әрқашан ашық. Біз ортақ мақсаттарымызға бірге жетеміз!


БІЗДІ БІРІКТІРЕТІН ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Біздің әрқайсымыз үшін басты құндылық – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі. Біз білім алуға, еңбек ету мен өзін-өзі қалыптастыруға тең мүмкіндіктер берілген, бірлігі мен келісімі жарасқан еркін елде өмір сүрудеміз.

Жасотандықтар ұстанатын құндылықтар қазақстандық жастар үшін ортақ бағдар.

АДАМ, оның құқықтары мен бостандықтары, қажеттіліктері мен сұраныстары – біздің ұмтылыстарымыздың басты элементі. Адамдарға қамқорлық жасау, олардың конституциялық құқықтарын қорғау – біздің басты міндетіміз.

Біз үшін БОСТАНДЫҚ – жауапты таңдау мүмкіндігі. Әрбір адам қоғамның басқа мүшелерінің заңды құқықтарын бұзбай, өзі қажет деп санаған таңдауды жасауға ерікті.

Біз ӘДІЛЕТТІЛІК ЖӘНЕ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ идеяларына адалмыз. Заң алдында барлық азаматтардың теңдігі – мемлекет дамуындағы шешуші фактор.

Азаматтық ЫНТЫМАҚШЫЛДЫҚ таныту, өзгеге бей-жай қарамау, әрбір адамның көмек беруге дайын болуы – бұл бүкіл қазақ қоғамының өркендеуінің негізі.

ОТБАСЫ институтын нығайту, ДӘСТҮРДІ сақтау, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ дамыту – бұл ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің басты шарттарының бірі – өзіндік ерекшелігімізді сақтаудың кепілі екеніне сенімдіміз. Онда ұлттық кодымызға тән сабақтастық, үлкендерге құрмет, кішілерге ізет сынды құндылықтар бекітілген.

Біз үшін еңбексүйгіштік пен білімге деген тұрақты ұмтылыс – бұл әркімнің және бәрінің жетістігінің кепілі. 

Біз үшін қажырлы еңбек пен білімге деген ұмтылыс – әрбіріміздің және баршамыздың жетістікке жетудегі кепіліміз. Біз, БОЛАШАҚҚА ҰМТЫЛҒАН жастар, алдымызға айқын мақсаттар қоя отырып, оларға жету жолында бар күш-жігерімізді саламыз.

БІЗДІҢ МИССИЯ

Сапалы білім алуға ынталы, өзін-өзі қалыптастыруға ұмтылатын, өзінің және елінің болашағы үшін жауапкершілікті терең сезіне отырып, біздің құндылықтарымыз бен қағидаттарымызға ортақтасатын әрбір жас қазақстандық-патриоттың мүддесін қолдау.

БІЗДІҢ ҚАҒИДАТТАР

Біз келесі жеті негізгі қағидатты берік ұстанамыз:

1. Адамгершілік пен жауапкершілік. Күнделікті іс-әрекетте мейірімділік, адалдық және әдептілік таныту, этика нормаларын қатаң сақтау – бұл прогрестің негізі. Біз өз таңдауымыз бен іс-әрекетіміздің салдарын сезінуіміз қажет, сондай-ақ жауапкершілікті өз мойнымызға алып, оларды іске асыруға дайын болуымыз керек.

2. Тарихты, мәдениетті және дәстүрді құрметтеу. Мемлекеттік тілді меңгеру, өз халқыңның тарихы мен мәдениетін білу аса маңызды. Біз ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құндылықтарды қатаң ұстана келе, қазіргі әлемнің озық жетістіктерін өмірімізге кірістіре отыра бірегей болмысымызды сақтауға ұмтыламыз.

3. Оқу және тұлғалық даму. Заманауи қоғам қарқыны бізден өз біліктілігімізді үнемі дамытып, білімімізді жетілдіруді талап етеді. Алдыңғы қатарлы, жан-жақты, әрі креативті болу – біздің буынның бәсекеге қабілеттілігі мен табысқа жетуінің кепілі. Біз жаңашылдыққа ұмтыламыз және инновацияларға ашықпыз. 

4. Салауатты өмір салты. Дені сау жастар – бұл қуатты ұлттың негізі. Біз деніміздің саулығын үздіксіз қадағалап, спортпен шұғылдануды қалыпты жағдайға айналдыруды қалаймыз. Жастардың зиянды әдеттерден саналы түрде бас тартуы аса маңызды.

5. Қоршаған ортаға қамқорлық. Дамыған қоғам қоршаған ортаға қатысты әдепті әрекетімен ерекшеленеді. Табиғатқа құрметпен қарауды, жасыл алаңдарды көбейту мен күтуді, суды үнемдеп пайдалануды, қоршаған ортаны ластамауды әдетке айналдыру маңызды.

6. Белсенді азаматтық ұстаным. Біздің азаматтық ұстанымымыз – өзін-өзі қалыптастыру арқылы туған-туыстарымыз бен жақындарымызға, қоғам мен елімізге пайдалы болу. Біз бірігіп, мұқтаж жандарға ұйымдастырушылық, волонтерлік, қайырымдылық көмектер көрсетуге дайынбыз. Біз жастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді белсенді талқылауға және ашық диалогқа ұмтыламыз.

7. Құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы «нөлдік төзімділік». Әдептілік, адалдық және заңға бағыну – жастардың санасында, заң бұзушылықтың кез-келген формасынан табанды түрде бас тарту мәдениетін қалыптастырудың жолы. Осындай өмір салтын насихаттай отырып, біз бұл зиянды құбылысты елдің даму жолындағы негізгі кедергі деп санаймыз және сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл әрекет етеміз.

НЕ ЖАСАЛУЫ ТИІС?

«Бүгінде біздің өміріміздің барлық саласы – білім беру, жұмыс, отбасы, тіпті бір-бірімізбен қалай сөйлесетінімізге дейін елеулі өзгеріске ұшырап отыр. Осының бәрі әрбір адамның дамутраекториясына және тұтастай алғанда, бүкіл әлемге түбегейлі ықпал етеді». 

Нұрсұлтан Назарбаев


Бүгін біздің алдымызда бес негізгі жұмыс бағыты тұр. Олар еліміздің әрбір жас азаматы үшін өзекті.

Бұл – азаматтық белсенділік, сапалы білім, лайықты жалақысы бар жұмыс, қолжетімді баспана және бос уақытын тиімді  ұйымдастыру. Осы бағыттар аясында біз алдымызға жастардың өмір сүру сапасын арттыруға, өзін-өзі қалыптастыру әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін нақты міндеттер қоямыз. Біздің міндеттер мен оларды іске асырудың жолдары осы бағдарламада нақты белгіленген. Оның іске асырылуы орталық және аймақтық деңгейлерде келесі шаралар арқылы қамтамасыз етіледі:

Біріншіден, осы бағдарламаның бағыттарына сәйкес қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін кешенді шаралар мен нақты индикаторлар көрсетілген аймақтық жол карталары қабылданады. Олардың іске асырылуы еліміздің әрбір ауданы, қаласы мен облысы үшін басымдыққа  ие болады.

Екіншіден, жастар үшін белгіленген 20% квота бойынша партияішілік праймериз арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың пулы жасақталады. Нәтижесінде, партияның жас өкілдері ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыруда нақты тетіктерге ие бола алады.

Үшіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан жастар мәселелерінің шешілуін жүйелі бақылау үшін «Jas Otan» мен «Nur Otan» партиясының ресурстары мен мүмкіндіктері толық қолданылады.


АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК

«Нағыз патриоттардың, жауапты жас көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасқаны  мені қуантады».

Нұрсұлтан Назарбаев

Елдегі табысты өзгерістердің маңызды шарты – бұл азаматтардың, әсіресе жастардың саяси-қоғамдық өмірге белсенді араласуы, сондай-ақ олардың ашық диалогқа шығу қабілеті мен ортақ мақсаттарға жету үшін күш біріктіруі. 

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтық қатысу деңгейі жоғары елдерде қоғамдық бақылау дамыған және биліктің азаматтармен өзара тиімді диалогы құрылған.

Бүгінде жастардың ҮЕҰ қызметіне қатысуының төмен деңгейі сақталып отыр. 2019 жылы жастардың 86,7%-ы еліміздегі жастар бірлестіктерінің қызметіне қатыспаған. 

Сонымен қатар, ақпараттық технологиялардың дамуы белсенді азаматтық ұстанымды білдірудің жаңа арналарын ашты.  

Бүгінгі таңда жастар өзінің  азаматтық  ұстанымын әлеуметтік желілер арқылы батыл түрде білдіреді, бірақ қоғамдық институттар жұмысына әркез белсенді қатысуға тырыспайды.

Волонтерлік, саяси-партиялық қызмет, ҮЕҰ мен жастар ұйымдары жұмыстарына және өзге де бастамашыл топтардың жұмыстарына қатысу дәстүрлі түрде жастарды ашық қоғамдық-саяси өмірге тартудың құралдарына айналды. 

МАҚСАТЫ: ел мен қоғамды дамыту мәселелеріне жастардың қатысуын арттыру.

Іске асыру жолдары:

1. Жастардың елдегі саяси-қоғамдық өмірге қатысуын жандандыру:

• «Nur Otan» партиясының праймеризіне, түрлі партиялық бастамаларды іске асыруға, партиялық органдардың жұмысына жастардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету;

• «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға нақты тетіктер мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру бойынша өзгерістер және толықтырулар енгізуге ұсыныс жасау;

• сайлауалды іс-шараларға жауапты қатысу үшін жастарды жұмылдыру, іс жүзінде жастар квотасы бойынша заңнамалық нормаларды іске асыруға қол жеткізу және барлық деңгейдегі өкілетті органдардағы жастар санын ұлғайту;

• Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда жастар ұйымдарының қатысуымен жыл сайынғы жастар мәселелері бойынша тыңдалым өткізуге қол жеткізу; 

• жастарды орталықта және жергілікті жерлерде мемлекеттік саясатты іске асыруға тарту: мемлекеттік және аймақтық даму бағдарламаларын әзірлеуге, бюджеттерді қалыптастыруға, олардың орындалуын қадағалайтын қоғамдық бақылауларға қатыстыру;

• елдегі және әлемдегі саяси-қоғамдық үрдістер туралы жастар арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. 

2. Волонтерлік қызметті қолдау:

• әр колледжде және ЖОО-да волонтерлік қызметпен айналысатын студенттерге ұйымдастырушылық қолдау жүйесін құруға ықпал ету;

• орталық және жергілікті деңгейде волонтерлік бастамаларды қолдаудың нақты тетіктерін енгізуге ықпалдасу;

• мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, студент емес (жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және басқа да санаттағы жастар) волонтер жастарды ынталандыру тетіктерін пысықтау;

• белсенділер үшін арнайы білім гранттарын бөлу арқылы жастардың азаматтық белсенділігін ынталандыру.

3. Жастар мен студенттік ұйымдарды дамыту:

• мемлекеттік гранттар мен корпоративтік секторды тарту есебінен жастар ұйымдарының жобалары мен бастамаларын қаржыландыруды ұлғайтуға ықпал ету;

• мемлекеттің жастар және студенттік ұйымдармен әріптестігінің жаңа форматтары мен алаңдарын ұйымдастыру;

• «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға мемлекеттік қызметке орналасу кезінде жастар ұйымындағы жұмыс тәжірибесін есепке алу бойынша өзгерістер енгізу туралы бастама көтеру; 

• жастар мен студенттік ұйымдардың сайлауға бақылаушы ретінде қатысуын арттыруға ықпал ету.

4. Жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу:

• отаншылдық құндылықтарға баса назар аудара отырып, мектептің  оқу бағдарламаларында тәрбиелік компонентті күшейту; 

• тәрбие жұмыстары жөніндегі проректорлардың, жастар ісі комитеттерінің қызметін күшейту арқылы колледждер мен жоғары оқу орындарында  тәрбие жұмысы жүйесін нығайтуға ықпалдасу;

• барлық меншік формасындағы білім беру ұйымдарындағы патриоттық үйірмелердің, клубтардың жұмысын жандандыру мен клубтық іс-шараларға  қатысатын жастар санын арттыруға ықпал ету;

• өзін-өзі жұмыспен қамтыған жас азаматтар мен NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жастар бастамаларын қаржыландыру үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және корпоративтік сектордан қаражат тартуға қол жеткізу;

• білім беру ұйымдарының  кірісі  есебінен жоғары оқу орындары  мен колледж жанындағы студенттік ұйымдарды қаржыландыру тетігін әзірлеуге және іске қосуға қол жеткізу;

• оқу бағдарламаларында, мемлекеттік БАҚ-та жастар арасында құқық бұзушылыққа және сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруға бағытталған арнайы пәндер мен бағдарламаларды енгізуге ықпал ету.

САПАЛЫ БІЛІМ

«Сапалы білім – табысқа жетудің кілті 
және экономиканы дамытудың басты құралы».

Қасым-Жомарт Тоқаев


Қазіргі әлемде ғылым мен білім инновациялық прогрестің діңгегіне айналды. Білім саласына салынған инвестиция экономикаға ауқымды мультипликативті әсер бере отырып, оның өсуіне кепіл болып отыр. Бүгінгі күні сапалы білім – адамның басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі.

Мемлекет тарапынан осы саланы жан-жақты қолдауды қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырудың маңызы зор.

Жаңа кезеңде жастардың бойында еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен білімдерді қалыптастыруға басты назарды аудару қажет. Экономиканы дамытуға қажетті кәсіби дағдылар мен білім ғана қазіргі жастардың өзін-өзі қалыптастыруына жол ашады.

Қазақстан жастары цифрлы трендтің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс. Цифрлық инфрақұрылымның тапшылығы немесе сәйкессіздігі және интернет жылдамдығының төмендігі, елдегі бірде-бір мектеп, колледж немесе университет қызметінде қиындық туындатпауы қажет. Бұлар өткеннің жәдігері сынды жойылуы керек. Барлық оқушылар мен студенттерді, алдағы уақытта барлық жастарды тұрмыста және жұмыста заманауи цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндігімен қамтамасыз ету еліміздің стратегиялық басымдықтарына айналуы тиіс. 

МАҚСАТЫ: жастарды қолжетімді сапалы біліммен қамтамасыз ету.

Іске асыру жолдары:

1. Қала және ауыл мектептерінің арасында білім сапасындағы алшақтықты азайту:

• ауыл мектептерінің даму жоспарын ауылдық елді мекендерді дамыту (оңтайландыру) бағдарламасымен тікелей байланыстыруға қол жеткізу;

• өмір сүруге және жұмыс жасауға қолайлы жағдай туғызу арқылы жоғары білікті мамандарды – математика, қазақ және шет тілдері, тарих, сондай-ақ өзге де пән мұғалімдерін ауыл мектептеріне тарту жүйесін құруға ықпал ету;

• аудандық, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысушы ауыл мектептеріндегі оқушылардың • санын арттыру арқылы олардың қала оқушыларымен байланысына жағдай жасау; 

• ауыл мектептерінің жылдамдығы жоғары интернетке және онлайн-білімге қолжетімділігін кеңейтуге елеулі ықпал ету.

2. Білім беру ұйымдарындағы материалдық-техникалық базаны және цифрлы инфрақұрылымды нығайту:

• елдегі мектептер, колледждер мен университеттердің IT-инфрақұрылымын және техникалық жабдықталуын жақсартуға, оның ішінде қолжетімді Wi-Fi желілерімен қамтамасыз етуге ықпал ету;

• онлайн-оқытуды дамыту, олимпиадаларға, ҰБТ-ға, дипломдық, ғылыми жұмыстарға дайындық арқылы IT-технологиялардың жаңа жетістіктерін оқу процесіне енгізуге ықпал ету;

• білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық  жарақтандырудың минималды стандарттарын әзірлеуге және енгізуге қол жеткізу;

• білім алушылардың  киберқауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи жүйесін құруға ықпал ету.

3. Жоғары білім сапасын арттыру:

• қазіргі стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейтін көпсалалы университеттердің санын оңтайландыруға қол жеткізу;
2025 жылға қарай он қазақстандық университеттің QS World University рейтингісінің үздік 500 тізіміне енуіне ықпал ету;

• оқуға түсу үшін құжаттар пакетіне ынталандыру хаты мен оқу жоспарын қосу арқылы мемлекеттік білім гранттарын бөлудің жаңа тәсілдерін енгізуге ықпал ету;

• студенттердің тәжірибелік дағдыларды игеруіне арналған дуалды әдістеме бойынша оқытылатын мамандықтар санын арттыруға ықпал ету;

• инфляцияға сәйкес студенттер шәкіртақысының жыл сайынғы мөлшерін индекстеуге қол жеткізу;

• жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту үшін жылына кем дегенде 2 рет (сессиялардың санына сәйкес) «Таза сессия» акциясын өткізу, нәтижесін міндетті түрде уәкілетті орган деңгейінде талқылау;

• жоғары оқу орындарында нетворкинг атмосферасын және студенттердің қызығушылықтары бойынша комьюнити қалыптастыру үшін алаңдар жүйесін құруға ықпалдасу. 

4. Жастардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру:

• жоғары оқу орындарымен мен ғылыми институттар есебінен ғылыми бастамаларды ынталандыру арқылы ғылыми қызметке тартылған жастар санын көбейтуге ықпал ету;

• ғылымды қолдаудың мемлекеттік шаралары аясында жас ғалымдардың жобаларын гранттық қаржыландыру санын ұлғайтуға қол жеткізу;

• жас ғалымдардың ғылыми жобаларын жеке сектордың, оның ішінде мемлекет тарапынан салықтық және өзге де ынталандыру жолымен қаржыландыруға ықпалдасу;

• ашық конкурстар өткізу арқылы жастардың стартаптары мен инновациялық жобаларын қолдау және ынталандыру жүйесін құруға ықпал ету;

• жас ғалымдардың халықаралық ғылыми жобалар мен байқауларға тұрақты қатысуына қол жеткізу.

ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

«Ең мықты валюта – адам еңбегі».

Нұрсұлтан Назарбаев 


Бүгінде болып жатқан жаһандық үрдістер нарық пен жұмыс жағдайына айтарлықтай әсер етуде. Роботтандыру және жұмыс процестерін автоматтандырудың дамуына байланысты біртіндеп жұмыс күшінің босатылуы байқалады.

2019 жылғы ресми мәліметтерге сәйкес, елімізде 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастардың саны 84,7 мыңға жетті, бұл экономикалық белсенді азаматтардың 3,8%-ін құрайды.

Сонымен қатар, коронавирус пандемиясы жұмыссыздық мәселесін ушықтырып, оған жаппай сипат берді. Осыған орай, мемлекеттік органдар елдегі жастар арасындағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейін қайта қарастырады.

Дүниежүзілік еңбек ұйымының зерттеуіне сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында әлем бойынша 1,6 миллиард адам табысынан айырылып, жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл – үкіметтер үшін күрделі сынақ. Тек қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекеттер ғана әлеуметтік кепілдіктер мен міндеттемелерді орындай алады. Қалыптасқан жағдайда масылдықтың алдын алу және азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен экономикалық белсенділігін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін жасау маңызды.

Бүгінде жұмысқа орналасу барысында жаңа еңбек жағдайларына тез бейімделу, оқуға қабілеттілік, «жұмсақ дағдылар» (softskills) басты назарға алынады. Жұмыспен қамтудың балама форматтары кеңінен қолданылады: қашықтан жұмыс, фриланс, парт-тайм. Сонымен қатар, жоғары біліктілікті қажет етпейтін бірқатар мамандықтар жойылып, жаңалары пайда болуда. 

Мысалы, мынадай факторлар ерекше алаңдатушылық туғызады: көбінесе жастар алған мамандығы бойынша жұмыс істеуге бармайды, жастардың 7,3%-і (NEET) еш жерде жұмыс істемейді және оқымайды.

Сауалнамаларға сәйкес, жастардың 38%-нің ресми жалақы алатын тұрақты жұмысы жоқ, сәйкесінше олар әлеуметтік және зейнетақы жарналарын төлемейді.

Жұмыссыз жас қазақстандықтардың көпшілігі шетелде ресми жұмыс жасап, осы ретте өз еліне пайдалы болып және туыстары мен жақындарына көмектескісі келеді.

Осындай сұраныстарға қарамастан, үкіметаралық келісімдер деңгейінде жастардың әлемнің дамыған, жұмыс күші тапшы елдеріне (мысалы, Жапония, Оңтүстік Корея) еңбек көші-қоны жөніндегі ынтымақтастық мәселелері реттелмеген.

МАҚСАТЫ: жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша нақты жағдайлар жасау

Іске асыру жолдары:

1. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту:

• мемлекеттік органдар бастамасымен іске асырылатын бағдарламаларда арнайы жастар үшін жаңа жұмыс орындарын құруды қарастыру арқылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпалдасу;

• Жас мамандарды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілерді ынталандыру жүйесін әзірлеу және  енгізу;

• Қолданыстағы онлайн-порталдарды жетілдіру, бос жұмыс орындары, біліктілігін жетілдірудің қысқа мерзімді оқу курстары мен жаңа мамандықтарға оқыту туралы жастарға арналған жедел ақпараттандыру жүйесін құруға көмектесу.

2. Жастардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау:

• Еңбек күші артық аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға еңбек ресурстарының еларалық елішілік ұтқырлығын ынталандыруға ықпалдасу;

• заңнамалық деңгейде үкіметаралық келісімдер жасау арқылы еңбек күші жетіспейтін әлемнің дамыған елдеріне жастардың еңбек көші-қонын ынталандыруға жағдай жасау;

• кадрларды даярлауға  мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру  кезінде еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып қажет мамандықтың саны мен түрі бойынша болжаудың  тиімді әдістемесін әзірлеу; 

• ірі жүйе құраушы кәсіпорындар мен ұйымдар тарапынан колледждер мен жоғары оқу орындарында тапсырыстарды орналастыру жүйесін енгізе отырып кейіннен жұмысқа орналастыруға ықпал ету;

• жоғары біліктілікті талап етпейтін сұранысқа ие мамандықтарға баса назар аудара отырып, мектептерде бітіруші сыныптарға арналған кәсіптік бағдарлау жұмысын күшейтуге ықпал ету;

• ел аумағы бойынша жастар санының біркелкі бөлінбеуіне байланысты жұмысқа орналастыру және бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру бойынша аймақтық тәсілдердерді енгізуге қол жеткізу; 

• ерекше қажеттіліктері бар жастарды жұмыспен қамтуға және оларға арнап жұмыс орындарын құруға қол жеткізу; 

• студенттік және еңбек жасақтарына жұмылдыру арқылы студент жастарды жазғы демалыс кезінде  жұмысқа орналастыруға ықпал ету;

• «Жастар практикасы» жобасы бойынша жұмысты жалғастыра отырып, жұмысқа орналастыруға ықпал ету;

• «IT-мамандар пулы», «PR-кеңесшілер пулы» сынды және т.б. салалық жас сарапшылардың нетворкингі үшін нақты бағыттар бойынша жобаларды әзірлеуге және іске асыруға ықпал ету;

• түлектердің жұмысқа сәтті бейімделу мен кәсіби шеберліктерін дамыту үшін тәжірибелі және білікті көшбасшылардың менторлық институтын дамытуға қол жеткізу.

• жоғары оқу орындары, колледждер, жүйе құраушы кәсіпорындар мен ұйымдардың қатысуымен бос орындар жәрмеңкесін жүйелі өткізуге ықпалдасу.

3. Жастардың кәсіп ашуы үшін мүмкіндіктер жасау:

• кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға жастарды белсенді қатыстыру;   

• жас кәсіпкерлердің «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алуына жан-жақты қолдау көрсету;

• бизнес-инкубаторларға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, жас кәсіпкерлердің бизнес-стартаптарын гранттық қолдау жүйесін құруға қол жеткізу;

• мектеп қабырғасынан бастап білім берудің барлық деңгейінде кәсіпкерлік негіздеріне, бизнес дағдыларға ерте оқыту механизмін енгізуге ықпал ету;

• «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп табысты жас кәсіпкерді насихаттау бойынша белсенді ақпараттық жұмыс жүргізу арқылы оларды танымал ету.

ЖАС ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА

«Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі.
Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуға тиіс».

Қасым-Жомарт Тоқаев


Жастарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын жақсарту мен болашаққа деген сенімін арттыру – еліміздегі жастар саясатының өзегі.
Тұрақты баспанамен қамтамасыз етілген шаңырағы берік жас отбасы – еліміздің сенімді тірегі. Қазіргі уақытта елімізде азаматтардың баспаналы болу мәселелері бойынша бірқатар шаралар іске асырылуда. Алайда мемлекеттік бағдарламалардың экономикалық белсенді азаматтар мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін әлі де қолжетімділігі төмен.

Соңғы бірнеше жылда елімізде жыл сайын орта есеппен 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа беріліп келеді. Тек 2020 жылдың өзінде көлемі 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер мен үйдің құрылысы жоспарланған.

Соған қарамастан, еліміз бойынша әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 540 мың адамнан асады, олардың ішінде басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласында – 46 мың, Алматы облысында – 48 мың, Түркістан облысында – 37 мың адам.

Әлеуметтік зерттеулер нәтижелері тұрғын үй мәселесі, әсіресе жас отбасылар үшін өзекті екендігін көрсетті. Сауалнамаға қатысқан   респонденттердің 20%-іне жуығы баспана жағдайына көңілдері толмайды. Баспана мәселесі студент жастар үшін де өзекті. Бүгінгі таңда 1,2 миллион студенттің 15%-і ғана студенттік жатақханамен қамтамасыз етілген. 2019 жылдың соңында жүргізілген сауалнама бойынша, 92 мың студент жатақханаға мұқтаж. 

Сонымен қатар, студенттер үйінің қазіргі қоры тұрмыстық жайлылық деңгейі бойынша көп жағдайда заманауи стандарттарға сай емес.
 Жұмыс жасайтын жастарға жалдамалы тұрғын үй салу әлеуеті іс жүзінде іске асырылмаған, бұл олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруын айтпағанда, олардың еңбекке қабілеттілігіне кедергі келтіреді.

Зерттеулерге сәйкес, баспана мәселесі көп жағдайда отбасылық проблемалардың туындауына, ажырасуға себепші болып отыр.

2017 жылы 55 мың ажырасу фактілерінің үштен бірі (некеде тіркелгендердің 39%-і) тұрақты баспананың болмау салдарына байланысты орын алған.

Бұл баспана мәселесі мен отбасын нығайту мәселесі арасындағы тығыз байланысты көрсетеді.

Баспана мәселесімен қатар отбасы институтын қолдау аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері де өзекті.

Жастар арасында отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдік мәдениетін насихаттау аса маңызды.                             

МАҚСАТЫ: жас отбасылар үшін қолайлы жағдайлар жасау:

Іске асыру жолдары:

1. Жастардың қолжетімді баспана алуына жағдай жасау:

• «Жас отбасы» санатын баспана бөлу байқауында басымдық берілетін  қатысушылар қатарына қосуға  қол жеткізу;

• әр аймақта жастарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын қабылдауды міндеттеу, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін де қарастыру;

• еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істейтін жастар үшін уақытша жалдамалы тұрғын үй құрылысын қамтамасыз етуге ықпал ету;

• қолжетімді баспана сатып алу тетіктерін түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ақпараттық науқанды ұйымдастыруға ықпал ету;

• өз күшімен қаражат жинап, тұрғын үй алудың мүмкіндіктерін түсіндіретін  роликтер, мақалалар және басқа материалдар жариялау.

2. Жастарды сапалы студенттер үйімен қамтамасыз ету:

• 2022 жылдың соңына қарай кем дегенде 75 мың орындық жаңа студенттік жатақхананың салынуына, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асуына қол жеткізу;

• апаттық жағдайдағы студенттік жатақханаларды қалпына келтіруге, жөндеуге, қолданыстағы жатақханалардағы орын санын арттыруға қол жеткізу; 

• үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатысуымен жатақханалардағы студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізу;

• университет студенттерінің кемінде 30%-ын жатақханамен қамтамасыз ету туралы талапты заңнамалық тұрғыдан бекітуге қол жеткізу.

• оқуға қабылдайтын студенттер санының кем дегенде 30%-ын жатақханамен қамтамасыз ете алмайтын жаңа университеттер мен колледждерді заң бойынша тіркеуге  тыйым салу; 

• жатақханаларды пайдалану ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ықпал ету.

3. Отбасы институтына жан-жақты қолдау көрсету:

• отбасылық қатынастардың барлық аспектілері бойынша қолжетімді психологиялық және консультативтік көмек көрсету, оның ішінде дағдарыс орталықтарының желісін құру арқылы;

• жоғары сынып оқушыларына отбасылық өмірдің негіздері мен құндылықтарын үйретуге ықпал ету, жастардың өз отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру;

• отбасылық құндылықтарды насихаттап, отбасы институтын дамыту бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-платформаларда жастарға арналған жаңа теле,- радиобағдарламалар дайындауға ықпал ету;

• жергілікті және республикалық деңгейде отбасылық іс-шаралар, конкурстар, олимпиадалар, викториналар өткізуге атсалысу.

4. Отбасылардағы келеңсіздіктердің алдын алу:

• тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оған қарсы күрес туралы заңнамаға өзгерістер енгізу;

• жас отбасылар арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, жайсыз жас отбасыларға, бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысқаны үшін сотталған адамдарға мониторинг жүргізу жөніндегі нақты тетіктерді құруға ықпал ету;

• жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу жүйесін (ақпараттандыру, ата-аналар комитетімен өзара іс-қимыл) енгізуге ықпал ету;

• жас қыздар арасында түсік жасатудың азаюына ықпал ету (психологиялық кеңес беру, ақпараттық-ағартушылық жұмыс);

• мектептердегі жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне бақытты отбасын құру принциптерін түсіндіру бойынша қосымша дәрістер енгізуге ықпал ету.

ТҰЛҒАЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ БОС УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ӨТКІЗУ

«Жастар энергиясын жасампаздық және өзін-өзі 
жүзеге асыру арнасына бағыттау қажет».

Нұрсұлтан Назарбаев


Салауатты өмір салтын ұстану мен өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды белсенді және жүйелі түрде насихаттау, жастардың спортпен шұғылдануына және тұлғалық дамуына жағдай жасау – жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі. 

Статистикалық мәліметтер жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен аурулардың алдын алудың маңызды екенін көрсетеді. Жас мөлшеріне қарамастан, 2018 жылғы мәліметтерге сәйкес Қазақстанда жастар арасында өкпе туберкулезімен ауыратын – 2 631, қатерлі ісік ауруларымен ауыратын – 681, психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар – 42 458, АҚТҚ-жұқпасын жұқтырған 520  жас азамат тіркелген. Сондай-ақ, бірінші кезекте репродуктивті денсаулық мәселелері тұр: ерте жүктілік, түсік тастау, бедеулік. 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда (1,35%) 15-18 жас аралығындағы босанған қыздар санының өсуі байқалды (босанғандардың 2-3%-і 15-29 жастағылар).

Осыған байланысты салауатты өмір салтын насихаттау жастар саясатындағы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Сонымен бірге мамандар жаттығулардың жиілігі мен сапасына назар аудара отырып, спортпен шұғылданатын адамдардың санын анықтау әдістемесін сыни тұрғыдан бағалау қажет деп санайды.

Бүгінгі таңда, сондай-ақ жеке тұлғаның дағдыларын дамыту ерекше өзекті болып отыр. Оффлайн және онлайн форматтарда түрлі курстарға, семинарларға қатысып, қосымша білім алу, жеке дағдыларды дамыту, жарыстарға, марафондарға және жарнамаларға қатысу кеңінен танымалдылыққа ие болуда.

Жастардың бос уақытын қызықты және пайдалы өткізуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселеге жеткіліксіз көңіл бөлу деструктивті идеялардың таралуына, қылмыстың  және басқа да жағымсыз құбылыстардың көбеюіне алып келуі мүмкін. 

Социологиялық зерттеулерге сәйкес, ауыл жастарының 38,3%-і демалыс орындары (театрлар, кинотеатрлар, жастар үйлері және т.б.) жоқ екенін мәлімдейді. Қала жастарының 63,1%-і демалыс орындарына қанағаттанатынын атап өтсе, қалған 15,4%-інің көңілі толмайды.

МАҚСАТЫ: жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау.

Іске асыру жолдары:

1. Салауатты өмір салтын насихаттау:

• барлық елді мекендерде жастарға арналған қолжетімді спорт секцияларының, үйірмелердің, залдар мен воркаут-алаңдардың ашылуына ықпал ету; 

• жастарды бұқаралық спорттық іс-шараларға тарту, студенттік универсиадалар, спорт күндерін, жарыстар, сондай-ақ  Ironman, Oceanman сында ұлттық және халықаралық деңгейдегі марафондар ұйымдастыру; 

• аурудың алдын алу үшін тұрақты тексерулерден өтудің маңыздылығы мен қажеттілігі туралы жастардың хабардар болуына ықпал ету;

• түрлі жас санаттарын ескере отырып, менталды денсаулықты нығайту бойынша арнайы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге атсалысу;

• жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алу бойынша нақты тетіктерді енгізуге ықпал ету;

2. Жастардың мәдени дамуы, жас таланттарды қолдау:

• жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, жалпыадамзаттық адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған жастар арасында танымал, отандық кинематографиялық өнімдер шығаруға ықпал ету;

• шағын қалалар мен ірі аудан орталықтарында заманауи кинотеатрлардың ашылуына, оның ішінде жеке секторға ұйымдастырушылық  және қаржылай көмек көрсетуге ықпал ету;

• қазіргі жастардың қызығушылығын ескере отырып, еліміздегі  кітапханаларды білім мен демалыс орындарына айналдыру – барлық елді мекендердегі кітапханаларға лекторийлер, кофеханалар ашып, Wi-Fi қосылуын қамтамасыз етіп, кем дегенде 50%-ын қайта жаңғырту;

• жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, кітап алмасу жобаларына қолдау көрсету, кітапханалар базасында жас оқырмандар  клубын құру;

• мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мәдениет пен өнердің  түрлі саласындағы креативті, дарынды жастарды қолдау үшін жаңа жобалар  әзірлеуге атсалысу;

• жастар арасындағы таланттарды анықтау үшін шығармашылық, ғылыми және басқа да байқаулар өткізу;

• әдебиет, мәдениет, ғылым, спорт сынды түрлі саладағы жас таланттарды – «жаңа есімдерді» барлық жастарға үлгі ретінде насихаттау.

3. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру:

• нетворкинг пен ынтымақтастықты жақсарту үшін барлық өңірлердегі студенттік және жастар ұйымдарының  жұмысын үйлестіру;

• түрлі акциялар, конкурстар өткізу арқылы жастарды пайдалы іспен айналысуға, хоббиін табуға  ынталандыру;

• жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін барлық облыстарда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудандық орталықтарда коворкинг орталықтарын құруға ықпал ету;

• орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына экологиялық білім беру сабақтарының енгізілуіне ықпал ету;

• жастар арасында ішкі туризмді, оның ішінде экологиялық туризмді кеңінен насихаттауға жағдай жасау.

4. Жастар арасындағы қылмысты азайту:

• оқушылар мен студенттер арасындағы дискриминацияның, қорлау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік педагогтардың, психологтардың жұмысын күшейтуге ықпал ету;

• жастар арасында қылмыстың алдын алу бойынша жүйелі ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізуге ықпал ету;

• жастар арасындағы агрессия мен заңға қарсы ойлардың деңгейін төмендету үшін құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып шаралар әзірлеу және оларды іске асыру.

#VISION 2025 – БІЗ БЕЛГІЛЕГЕН МЕЖЕ

«Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз,
сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр».

Нұрсұлтан Назарбаев


Тәуелсіздік жылдарында көптеген сынақтан өткен біздің аға буын, дағдарыстық әрекеттен жол таба білудің бірегей мүмкіндігін бізге көрсетіп келеді. 

Бірлігімізді сақтау мен оны нығайту жолындағы нық қадамдар негізгі ұстанымымызға айналды.  

Біз, белгіленген бағытты ұстана отырып, қазіргі Қазақстанның бізге берген мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бар күшімізді саламыз.

Біз барлық жаңашылдықтың көшбасында болуға ұмтыламыз, бар күшімізді өзін-өзі дамытуға, аса маңызды саяси-қоғамдық мәселелерді шешуге белсене араласуға жұмсаймыз.

Тұтас салалардың,  әдеттегі өмір салтының, ең бастысы адамдар санасының жаһандық трансформациясы жағдайында біздің жастарымыз өзін-өзі қалыптастыра алуы, қоғамда өз орнын табуы және өзіне тән әлеуетті ашуы маңызды.

Белгіленген бес бағыт бойынша міндеттердің тиімді жүзеге асырылуы 2025 жылға қарай біздің Бағдарламаның нәтижесі болмақ:

• жастардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуы артады; 

• қазақстандық білім беру сапасы оңтайланады;

• жастар тиісті жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі;

• жастар үшін баспана қолжетімді болады;

• жастар үшін үздіксіз жаңа білімге деген ұмтылыс үйреншікті әдетке айналады.

Біз 2025 жылға қарай «Nur Otan» партиясымен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қоғамдық ұйымдардың көмегімен барлық міндеттерді іске асыра келе, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізетіндігімізге сенімдіміз. Ол үшін біздің елде барлық жағдай жасалған.

Бағдарламада көрсетілген бес бағыт бойынша 100 нақты шараның сәтті іске асырылуы қазақстандық жастардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік әл-ауқатының нақты көтерілуіне ықпал етеді.
Біз барлық сын-қатерлерді бірге еңсереміз!

Біз барлық сын-қатерлерді бірге еңсереміз!

Жоғары