Nur Otan партиясының бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлау һалды ресми сайты

Біртұтас ұлт

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Біртұтас ұлт

Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Қазақстанда қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің бірегей моделін қалыптастырды.

Біз қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайту саясатын жалғастырамыз. Партия Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, азаматтық бірегейлікке, тамыры терең тарихымызды, ұлттық мәдениет пен рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуға негізделген қазақстандық патриотизмді дамытады.

Әрбір адамның азаматтық жауапкершілігін күшейте отырып, этникалық, діни, нәсілдік, тілдік және гендерлік негіздегі кемсітушіліктің кез келген көрінісінің жолы кесіледі.

Елбасы бағдарының сабақтастығын сақтай отырып, «Nur Otan» қоғамда, әсіресе оқушы жастар арасында, барлық азаматтардың бірін-бірі құрметтеу және теңдік құндылықтарын дамыту мен бекітуді жалғастырады.

Біз проблемаларды ерте анықтау және олардың алдын алу үшін этносаралық саясатты сараптама тұрғысынан күшейтеміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында жыл сайын жетекші отандық және халықаралық сарапшыларды қатыстыра отырып, этносаралық қатынастар және ұлт бірлігін нығайту мәселелері бойынша Жалпы республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі.

Мемлекетіміздің зайырлы болуы – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Біз барлық діндердің өзара сыйластығы мен теңдігін қолдау бағытын сақтаймыз.

Елбасы бастамашылық еткен және бүкіл әлем мойындаған дінаралық және өркениетаралық диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамыту жалғасын табады.

Мемлекеттік тіл этносаралық қатынас тіліне және барлық азаматтар үшін біріктіруші факторға айналады. Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде мемлекеттік тілді оқыту тәсілдері жаңартылады.

Қазақ тілі әліпбиі латын графикасына кезең-кезеңімен сапалы түрде көшіріледі.

Қандастарды қолдау

Біз елден тыс жерлерде тұрып жатқан этникалық қандастарымызбен рухани-мәдени, ғылыми-білім беру байланыстарын дамытатын боламыз.

Қандастардың шет елдердегі мәдени, гуманитарлық, тілдік, ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ олар тұрып жатқан елдерде мәдениетімізді дамыту мақсатында Абай орталықтарының желісі кеңейеді. Бұл орайда «Отандастар» қорының, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және Қазақстанның шетелдердегі өкілдіктерінің мүмкіндіктері пайдаланылады. 

Қазақстанға тұрақты тұру үшін көшуді мақсат еткен отандастарға қолайлы жағдай жасалады, ақпараттық-құқықтық қолдау, оқу, әлеуметтік бейімделу және қазақстандық қоғамға сіңісу бойынша көмек көрсетіледі. 

Жоғары