Nur Otan партиясының бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлау һалды ресми сайты

Отбасы бақуаттылығы

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Отбасы бақуаттылығы

Отбасы – партиямыздың басты құндылықтарының бірі. Отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі. 
Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, балаларға қамқорлық, өзара қолдау жасау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық секілді құндылықтар отбасында қалыптасады.

Біз отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар бойынша барлық міндеттемелердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеміз.

Инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу жүргізіледі. Осы мақсатқа 3 триллионнан астам теңге  бөлінеді.

Экономиканың өсу сапасының негізгі көрсеткіші ретінде қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру деңгейінің артуы қарастырылады.

Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын табысы жоғары қандай құралдарға салу керегін өзі шешетін болады. 

Зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау процестері цифрландырылады, азаматтың цифрлық «әлеуметтік әмияны» енгізіледі. Бұл өтінімдердің берілуін жеңілдетіп, көмекті тағайындау айқындылығын қамтамасыз етеді.

Біз тұтынушылық несиелер бойынша шекті ставкаларды төмендетуді, несиелік ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді қолдаймыз.

Қазақстандық отбасылардың (көп балалы, толық емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған) экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, отбасылық жұмыспен қамтуды дамыту бойынша шаралар қабылданады.

Азаматтарды әлеуметтік қолдаудың барлық шараларының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай Әлеуметтік кодекс әзірленеді.

Отбасының тұрғын үй мәселелерін шешу

2021 жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, денсаулығын жақсартуға және білім алуға пайдалана алады.

5 жыл ішінде 977 мың отбасыға, оның ішінде 284 мың көп балалы және күнкөрісі кедейлік шегінен төмен отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арналған 103 млн. шаршы метр тұрғын үй беріледі.

«Отбасы Банк» негізінде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірыңғай орталығы құрылады. Бұл ретте осы орталық аясында кезекте тұрған азаматтардың жалпы базасы қалыптастырылады, мүліктері мен активтерін ескере отырып, азаматтарды кезекке тұрғызу іске асырылады.

Мемлекет кәсіпкерлерді құрылыс шығындарын субсидиялау арқылы ауылдық жерлерде жалдамалы тұрғын үй салуға ынталандырады.

Отбасы институтын нығайту

Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру жалғасады.

Ұрпақ өрбіту бойынша денсаулығында дерті бар отбасыларға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) шарасын жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді.

Біз мектептің де, ата-аналардың да балалар тәрбиесі үшін жауапкершілігін күшейтуге серпін беретін мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматына өтеміз.
Мектептерде балалардың тұрақты психоэмоционалдық және жан-жақты дамуын қалыптастыру бойынша бағдарламалар енгізіледі.

Әрбір қалада және ауданда Отбасын қолдау, отбасылық дауларды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекен-жай беру орталықтары ашылады.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, отбасылық соттар құрылады.

Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін қатаң шаралар қолданамыз.

Қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар мен балаларға атаулы көмек көрсету үшін «Шұғыл қызмет 111» жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылады.

Жоғары