Елбасы басшылығымен өткен жол: Қазақстанның басты 10 жетістігі

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Елбасы басшылығымен өткен жол: Қазақстанның басты 10 жетістігі
Бірінші – Қазақстанның айналасына «тату көршілік белдеуі» түзілді. Әлем бізді бұрын танымайтын. Шекарамыз шегенделмеген еді, бұл еліміздің аумақтық тұтастығына тікелей қауіп төндірді. Алғаш рет біз еліміздің құрлықтағы 13,4 мың шақырым және судағы 2,3 мың шақырым шекарасын халықаралық келісімдермен бекіттік. Бұл басқа мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуға, шетелдік инвестицияларды тартуға негіз болды. Олардың көлемі 350 млрд. доллардан асты.

Екінші – экологиялық апаты асқынған ауқымды аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Арал экологиялық апаты мен Семей полигоны экожүйеге, оны қоршай орналасқан аймақтардың әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайына барынша теріс әсер етті.

Біз Семей ядролық сынақ полигонын жаптық, іргелес аумақтардағы жағдайды жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдадық. Осы арқылы барша әлем елдеріне мемлекетіміздің бейбіт өмір, берекелі тіршілікті жақтайтын ел екенін паш еттік.

Біз әлемдік деңгейде алғанда аса ауқымды Арал теңізін қалпына келтіру, іргелес аумақтардағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша экологиялық жобаны өз күшімізбен іске асырдық.

Үшінші – Қазақстанда бірлік, бейбітшілік, келісім және тұрақтылық түбегейлі орнықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көпшілік біздің елімізде ұлтаралық қақтығыстар туындап, құлдырауға ұшырап, кері кетеді деген болжамдар жасады. Халқымыздың даналығы мен кеңдігінің арқасында біз ұлтаралық келісімнің ерекше моделін іске асырдық. Біз барлық ұлт өкілдерінің өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, мемлекеттік тілді, мәдениет пен дәстүрді сақтау мен дамытуға жағдай жасадық. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлт бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келеді. Біздің осынау тәжірибеміз бүгінде әлемде мойындалып, көптеген мемлекеттер оған қызығушылық танытып отыр.

Төртінші – түбегейлі жаңа нарықтық экономика құрылып, еліміздің әлеуеті едәуір артты. 90-шы жылдары Қазақстан гиперинфляция, бюджеттің ұзаққа созылған тапшылығы, ел табысының күрт төмендеуі және жұмыссыздықтың өсуімен қатар жүрген күрделі экономикалық дағдарысты бастан кешірді.

Соған қарамастан, біз бүгінгі таңда посткеңестік елдер арасында көлемі 2-ші және әлемнің 206 елі ішінде 41-ші орын алатын экономиканы құрдық.

Бесінші – демографиялық дағдарыс еңсерілді. 1991-1998 жылдар аралығында Қазақстаннан 2,6 млн. адам көшіп кетті. Өмір сүру ұзақтығы қысқарып, туу деңгейі күрт төмендеді. 1999 жылы халқымыздың саны 14,8 миллион адам болды. Бүгінде халық саны шамамен 4 млн. адамға өсті.     1 миллионнан аса қандасымыз Отанымызға оралды. Біз өмір сүру ұзақтығының 7,5 жасқа өсуіне, ана өлімінің 4,8 есе және сәби өлімінің 2,4 есе төмендеуіне қол жеткіздік.  

Алтыншы – қазақстандықтардың өмір сүру сапасы едәуір жақсарды. Халықтың табысы доллармен шаққанда 9 есе өсті, кедейлік деңгейі 10 есе, 4,6%-ке дейін қысқарды. Елімізде бұрын жеке меншіктің болмағанына қарамастан, қазір 1,3 млн. қазақстандық жеке бизнес иесі болып отыр. Олардың ел экономикасына қосқан үлесі 30%-тен асады. 131,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жетінші – экономиканың жаңа салалары қалыптасты. Қазақстанда бұрын өндірістің толық циклды кәсіпорындары болған жоқ. Экономика негізінен шикізаттық бағытта қызмет етті, өнеркәсіптің 93%-і бұрынғы КСРО-ның орталық ведомстволарына бағынды. 

Тәуелсіздік жылдары біз ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мұнай-химия кешенін құрдық, мұнай-химия индустриясының дамуына, металлургияны қайта өңдеуге негіз салдық, Қазақстанда өндірілмейтін 500 өнім түрін шығаруды игердік. Бүгінде Қазақстан өнімдерін 132 елге экспорттайды.

Сегізінші – еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық қауіпсіздігі үшін жағдай жасалды. Біз өз ресурстарымызды тиімді игеріп, Ұлттық әл-ауқат қорын құрдық. Бүгінгі күні Қазақстанның алтын-валюта жинағының көлемі шамамен 100 млрд. долларға жетті. Бұл – біздің қауіпсіздігіміздің кепілі. Осының арқасында біз әлемдік дағдарыстарды ауыр күйзелістерсіз еңсеруге мүмкіндік алып отырмыз.

Тоғызыншы – көлік тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Бізде көршілеріміздің сыртқы нарықтарына да көлік қатынасы болған жоқ. Бүгінде Қытайға үш көлік-транзиттік жол, біреуі – Түркіменстанға, Иран мен Күнгей Кавказға шығатын теңіз порттары салынды. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүктердің 85%-тінің жерүсті тасымалдануын қамтамасыз ететін ең ірі трансконтиненталды көпірге айналды. Транзиттік кірістер жылына 2 миллиард долларға жетті.

Оныншы – тәуелсіз Қазақстанның символына айналған және әлемдегі кез-келген заманауи мегаполистен кем түспейтін, ел мақтанышы – жаңа астана бой көтерді. Елорда құрылысы ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ол ел экономикасының дамуына серпін беріп, басқа қалалардың да өмір сүру сапасы стандарттарын арттыруға жол ашты. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан – маңызды халықаралық бастамалардың, іргелі іс-шаралар мен келіссөздердің орталығы.

03_small.png

Жоғары