Nur Otan партиясының бағдарламасы — Nur Otan партиясының сайлау һалды ресми сайты

Қазіргі заманның жаңа сын-қатерлері

Партия бағдарламасы

Аймақтық бағдарламалар

Қазіргі заманның жаңа сын-қатерлері 1. Геосаяси шиеленіс. Әлемдік ірі державалардың ықпал ету салаларына қатысты текетіресі күшейе түсуде. Бұл аймақтық қақтығыстардың көбеюіне алып келеді. Соңғы 10 жылда біз Ирак, Ливия, Сирия, Украина, Таулы Қарабақ және басқа да өңірлердегі қарулы қақтығыстардың куәсі болдық. Бірқатар елдерде бұл мемлекеттілік пен экономиканың толықтай күйреуіне алып келді. Қазір әлемдік қауымдастықтың қолында бұл қақтығыстардың алдын алу мен шешудің тиімді тетіктері жоқ.

2. Әскери қақтығыстар, санкциялар мен сауда-саттық текетірестер жағдайында әлемдік экономика тұрақсыздығының күшеюі. Тек коронавирус пандемиясы тудырған 2020 жылғы дағдарыстың салдарынан әлемдік экономика 9 триллион долларға жуық шығынға ұшырады. Бүкіл әлем жаңа экономикалық шығындарға, жұмыссыздықтың, кедейліктің өсуіне әкелетін пандемияның екінші толқынын күтуде.

3. Ресурстардың шектеулігі, елдер арасында өмір сүру деңгейіндегі айырмашылықтың күшеюі кедейлік пен ашаршылықтың өсуіне әкеледі. Бүгінде планетада 4,3 миллиард адам су тапшылығын, 821 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінуде.  

4. Кедей елдерден дамыған елдерге бақылаусыз көші-қон үрдісінің қарқын алуы саяси және әлеуметтік тұрақсыздыққа, әлеуметтік салаға, еңбек нарығына түсетін ауыртпалықтың артуына алып келеді және ол түрлі қақтығыстармен қатар жүреді. Мигранттар қалыптастырған жаңа анклавтар қабылдаушы елдердің құндылықтарына қауіп төндіреді, олардың дәстүрлі өмір салтын бұзады, радикалды пиғылдардың өсуіне себеп болады. 2019 жылы мигранттардың саны 272 миллион адамды құрады, ал 2050 жылға қарай олардың саны 1,5 миллиардқа жетуі мүмкін.

5. Жаппай наразылықтардың кең таралуы. Әлеуметтік наразылықтың өсуі жалпы әлемдік трендке айналды және дамыған АҚШ, Франция, Испания, Германия және басқа елдерде де өршуде. Бұл әлемдегі жетекші экономикалардың тұрақсыздығына алып келеді және басқа елдерге кері әсерін тигізеді.

6. Популизмнің күрт өсуі. Салмақты шешімдер қабылдауы тиіс саясаткерлер көбіне стратегиялық мақсаттарды ескермей, қазіргі конъюнктураға және азаматтардың бірсәттік әлеуметтік қажеттіліктеріне бейімделеді. Ғаламдық өзгерістер дәуірінде мәселелерді шешу және дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін даналық, ұйымшылдық пен тұтас қоғамның қажырлы еңбегі талап етілетінін тарих көрсетіп отыр.

7. Цифрлық технологиялардың дамуы теңдессіз артықшылықтарымен қатар қауіптің жаңа түрлерін – киберсоғыстарды, қаржылық қылмыстарды, өмірлік маңызды нысандардың жұмысына келтірілетін кедергіні, жалған ақпараттың таралуын, өшпенділік пен қақтығыстардың өршуін тудырды. Барлық салада қоғамның өз бағдарынан көз жазуы белең алуда. Бұл жекелеген елдерде де, бүкіл әлемде де тұрақсыздықтың өсуіне алып келеді.

Жоғары